1. Қарыз алушының жүгінуі
Несие бойынша мерзімі өткен берешек туындаған жағдайда қарыз алушы МҚҰ-ға 30 күнтізбелік күн ішінде (мерзімі өткен берешек пайда болған сәттен бастап) микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгерту туралы жазбаша өтінішпен жүгіне алады; өтініште табыстың төмендеу себебі міндетті түрде көрсетіліп, растайтын құжаттар қоса беріледі.
Қарыз алушының мерзімі өткен берешегін реттеуге бірыңғай тәсілді айқындау мақсатында қарыз алушы микрокредит беру туралы шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы болатын мынадай негізгі жағдайлар айқындалды:
- қарыз алушының жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде тіркелуі;
- қарыз алушының әлеуметтік мәртебесінің өзгеруі, атап айтқанда «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес халықтың әлеуметтік осал топтарына (бұдан әрі – «ХӘОТ») жатқызылуы, сондай-ақ қарыз алушымен бірге тұратын жақын туысының, жұбайының (зайыбының) ХӘОТ мәртебесін алуы, егер бұл орташа айлық табыстың төмендеуіне әсер етсе;
- қарыз алушының аурумен байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы (3 айдан астам);
- қарыз алушының бала күтімі бойынша демалысқа шығуы;
- қарыз алушының мерзімді әскери қызметке шақырылуы;
- жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) ауруына (әлеуметтік мәні бар аурулар қатарынан) не қайтыс болуына байланысты отбасылық жағдайлар;
- қарыз алушыға материалдық залал келтірген мән-жайлар (ұрлық, өрт және т.б.).
Бұл тізбе толық емес және шарт бойынша міндеттемелерді қолданыстағы талаптармен орындау мүмкіндігіне әсер еткен жағдайға байланысты толықтырылуы мүмкін.
Қарыз алушы МҚҰ-ға ағымдағы қаржылық және әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат беруге, шарт бойынша міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беретін табыстың төмендеу не болмау фактісін құжатпен растауға тиіс.
Шарт талаптарын өзгерту туралы өтініште мыналарға байланысты ұсыныстар көрсетіледі:
- шарт бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына өзгерту;
- негізгі борыш және (немесе) сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
- берешекті өтеу әдісін немесе өтеу кезектілігін өзгерту, оның ішінде негізгі борышты басым тәртіппен өтеу;
- микрокредит мерзімін өзгерту;
- мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, микрокредит бойынша тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) жою.